2026 жылдан бастап елде жартылай кәсіпқой форматтағы жаңа турнир өткізіледі.
Қазақстан боксында жаңа әрі маңызды турнир пайда болмақ. Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) бас хатшысы Мерей Ақшаловтың айтуынша, 2026 жылдан бастап елде бокс клубтары арасында ұлттық чемпионат өткізу жоспарланған. Бұл бастама өңірлік бокс клубтарының дамуына серпін беріп, жаңа спортшылардың қалыптасуына жол ашпақ.
"Кезінде Astana Arlans клубының құрамында бокстасып, мол тәжірибе жинадық. Сол жүйені жаңғыртып, енді Қазақстанда клубтық форматтағы жарысты іске қосуды көздеп отырмыз", — деді Ақшалов елордада өткен ҚБФ жылдық конференциясында.
Оның айтуынша, бұл чемпионатқа өңірлік спорт басқармаларына қарасты клубтар қатыса алады. Жекпе-жектер бес раундтан тұрады және жартылай кәсіпқой стильде өтеді.
Ақшалов турнирдің негізгі мақсаты — спорттық резервті күшейту және аймақтардағы бокс дамуын жандандыру екенін атап өтті. Мұндай формат жас спортшылардың тәжірибе жинауына, жарыс ырғағына үйренуіне және кәсіби деңгейге дайындалуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұл жаңалық 2025 жылдың мамыр айында елордада өткен ҚР бокс федерациясының жылдық конференциясында жария етілді. Іс-шара" "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтті.