Майк Тайсон Қазақстанда жекпе-жек өткізуді көздейді

Редактор Penalty.kz
25.05.2025, 21:58

Бокс әлемінің тірі аңызы, ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы, Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі Майк Тайсон Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін.

delfi.it

Тайсон мен Емельяненко жекпе-жегі Қазақстанда өте ме?

Осы бастама жөнінде "Alash Pride" лигасының президенті Әлімжан Бектаев мәлім етті. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар Тайсонға қарсылас ретінде ММА әлемінің аты аңызға айналған тұлғасы Фёдор Емельяненконы шақыруды жоспарлап отыр.

Темір Майк пен Соңғы Император бір рингте

"Біз желтоқсан айында Майк Тайсон мен Фёдор Емельяненко арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған турнирге Тайсонды арнайы қонақ ретінде шақырғымыз келеді", — деді Бектаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Федор Емельяненко. ФОТО: sportbox.ru

Егер келісім жасалса, бұл жекпе-жек әлемдік спорт тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болмақ. Себебі қос спортшы да өз саласында үлкен жетістіктерге жеткен, жанкүйерлер арасында кеңінен танымал тұлғалар.

Тайсонның карьерасы: сандар мен деректер

Майк Тайсон кәсіби мансабында 50 жеңіске (оның 44-і нокаутпен) жеткен. 7 рет жеңіліс тапқан. Соңғы кездесуінде ол блогер әрі боксшы Джейк Полмен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңілген.