Қазақстан құрамасы Thailand Open-2025 халықаралық турнирінің финалдық күнінде жеті жекпе-жектің бесеуінде жеңіске жетіп, турнирді жарқын нәтижемен аяқтады.
70 келі салмақта шаршы алаңға бірінші болып шыққан Төрехан Сабырхан алғашқы раундта өзбекстандық Мұхаммадозизбек Исмоиловқа 1:4 есебімен жол берді. Бірақ екінші және үшінші раундтарда бар күшін жиып, екеуін де 5:0 есебімен ұтып, жалпы жеңісті жұлып алды. Бұл жекпе-жек – мінезі мықты спортшының айқын дәлелі.
80 келіде өнер көрсеткен Диас Молжігітов Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханмен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Қазақстан құрамасының есебіндегі алтындардың бірі болды.
60 келі салмақта сынға түскен Виктория Графеева 2023 жылғы әлем чемпионы Ян Ченьюмен шайқасып, 4:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл жекпе-жек турнирдің ең әсерлі кездесулерінің бірі саналды.
70 келі салмақ дәрежесінде рингке шыққан Наталья Богданова Қытайдан келген Чжао Чуньюуаньды 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Оның техникасы мен жылдамдығы қарсыласқа мүлде мүмкіндік қалдырмады.
75 келіде жұдырықтасқан Надежда Рябец өзбекстандық Азиза Зокироваға 1:4 есебімен есе жіберді. Ал 80 келіде шаршы алаңға шыққан Гүлсая Ержан Қытай боксшысы Ван Сяоменге қарсы жекпе-жекте нокдаунға түсіп, 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
80+ келі салмақтағы айқаста Елдана Тәліпова Үндістан өкілі Киранға қарсы екі мәрте нокдаун жасап, 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Бұл кездесу – нағыз драмаға толы болғанымен, қазақстандық жанкүйерлер үшін қуанышпен аяқталды.
Ұлттық құрама бапкері Нұржан Қондыбаев жарысты қорытындылады. Видеосы төменде.