Тәжірибелі маман болашақ бапкердің бағыты мен болашағына баға берді.
Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков қазір U22 ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып жүрген Бақыт Сәрсекбаевқа қатысты ойын айтты.
“Бақыт қазір жан-жақтан тәжірибе жинап, бапкерлік жолда ізденіп жүр. Оның дамуға деген құлшынысы байқалады. Нақты баға World Boxing турнирлерінен кейін белгілі болады”, – деді Буданбеков.
Сондай-ақ ол алдағы жарыстарда Қайрат Сәтжановпен бірлесіп жұмыс істеп, мықты құрама жасақтау қажеттігін атап өтті.
“Егер мамандар бірлікпен жұмыс істесе, нәтижесі де соған сай болады. Бастысы – бөлінбеу, топтарға бөлінбеу. Әйтпесе, табысқа жету қиын”, – деді бұрынғы бас бапкер.
Дамир Буданбеков кейбір қауесеттерге де тоқталды. Ол Сәрсекбаевтың федерациядан бөлек жұмыс істейді деген сөздердің негізсіз екенін меңзеді.
“Федерация – бұл жалпы жүйенің тірегі. Сол жүйеден ажырамай, бірге қимылдасақ қана жеңіс келеді. Бірі оңға, бірі солға тартатын болса, нәтиже болмайды”, – деп ескертті ол.
Сондай-ақ Буданбеков Сәрсекбаевтың болашақта ұлттық құраманы басқару мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
“Ол өзін әлі толық танытқан жоқ. Уақыты келгенде бәрі анықталады. Қазір ол жастармен жұмыс істеп жүр. Ұлттық құрама деңгейіне жету үшін әлі де дайындық керек”, – деді маман.
Еске сала кетейік, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев дәл осы Дамир Буданбековтің жетекшілігімен алтын медаль жеңіп алған. Қазір Сәрсекбаев спорттық мансабын бапкер ретінде жалғастыруда.