“Қорқытты, пара ұсынды, өлтіреміз деді”: Ангелина Лукас жанжал ортасында қалды

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 10:40

Қазақстандық танымал боксшы Ангелина Лукас (15-1, 8 КО) 2023 жылы күтпеген жерден Чили елінің өкілі Даниела Асенходан (17-5-3, 2 КО) жеңіліс тапқан еді. Бұл жекпе-жекте Лукас сөзсіз фаворит болған. Дегенмен таяудағы қарымта кездесуінде Лукас қарсыласын отандастарының алдында жеңіп, IBO тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғап қалды.

sportburo.kz

Қарсыластың мәлімдемесі

Бірақ бұл жеңіс Ангелина үшін тыныштық әкелмеді. Даниела Асенхо мен оның бапкері Алехандро Конча өз елдеріне оралған соң, сұмдық мәлімдеме жасады. Олар Қазақстанда өткен жекпе-жек әділ болмағанын. Оларға қорқыту мен қысым жасалып, ақша ұсынылғанын айтты. Тіпті, “жеңген жағдайда Қазақстаннан тірі шықпайсыңдар” деген қоқан-лоқы көрсетілгенін алға тартты.

Олардың айтуынша, жекпе-жекке дейін TJ Promotion промоутері Тариел Джафаров Чили делегациясының қонақ үйіне келген. Жүйкесі сыр берген күйде төсекке доллар шашып, телефондағы аудармашы арқылы Асенхо бұл кеште ешқашан жеңе алмайтынын жеткізген. Ал бапкерге “егер Асенхо жеңсе — тамағыңды кесеміз” деген қорқыту айтылған.

Ұшу азабы, бақылауда жүрген жаттығу және бокссыз өткен жекпе-жек

Конча мен Асенхо мұнымен тоқтамай, Қазақстанға жолдың өзінде-ақ қиындықтар басталғанын айтады.

  • 50 сағаттық сапар,
  • Өзбекстанды айналып өтетін әдейі ұйымдастырылған маршрут,
  • Лукастың қолғаптары мен бинттерін тексеруге рұқсат берілмеуі,
  • Олардың әр қимылын арнайы қызметтердің бақылауда ұстауы — бәрі күдік тудырады.

Бапкерінің сөзіне сенсек, Асенхо жекпе-жекте әдейі жеңіліске ойнаған. “Тек тезірек елге оралсақ болды деп тіледік. Жарақат салмайық деп сақ болдық”, — дейді Конча. Алты раундтан кейін олар ойдан шығарылған бел ауруына сілтеп, жекпе-жектен бас тартқан.

IBO реванш ұсынды — бірақ олардан бәрі бас тартты

IBO ұйымы жаңа реванш ұйымдастыруға ниет білдірген, алайда Асенхо тарапынан жауап қысқа болды:

“Біз бұл адамдармен енді ешқандай қарым-қатынас жасағымыз келмейді”.