"Мұндай ертегілерін өз елінде айтып жүре берсін": Ангелина Лукас айыптауларға жауап берді (ВИДЕО)

Редактор Penalty.kz
09.06.2025, 17:00

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас өзіне қарсы чилилік қарсыласы Даниэла Асенхо тарапынан айтылған айыптауларға жауап берді.

championat.com

1 маусым күні Таразда өткен жекпе-жекте Лукас IBO тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Бірақ бірнеше күннен соң Асенхо мен оның бапкері Чилидегі БАҚ-қа берген сұхбатында жекпе-жектің әділетсіз өткенін, тіпті промоутер тарапынан қысым болғанын мәлімдеді.

Лукас Instagram арқылы мәлімдеме жасады

Ангелина Лукас бұл айыптауларға видеоүндеу арқылы жауап беріп, Асенхо таратқан ақпараттарды жоққа шығарды:

“Даниэла Асенхо Чилиге барған соң менің командам қысым көрсетті депті. Бұл – шындыққа мүлде жанаспайды. Бұл жекпе-жек IBO ұйымының ресми рұқсатымен өтті. Арнайы делегация келді – бес елден өкілдер болды, арасында испан тілін еркін меңгерген мамандар да бар. Яғни, қауіпсіздікті IBO өзі бақылауда ұстады. Ол айтып жүрген нәрселер – таза ертегі. Ондайды өз елінде ғана айтып жүре берсін, мүмкін біреу сенер”, – деді Лукас.

“Ұшаққа кешікті, ал шекарадағы тексеріс – біздің жауапкершілігіміз емес”

“Ол Таразға Ташкент арқылы келді. Себебі Бразилияда рейске кешігіп қалған. “Далаға шығып серуендеп кетіппін" деген. Сондықтан оған жалғыз мүмкін бағыт – Өзбекстан арқылы билет сатып алынды. Шекарадағы тексеріс қатаң болған екен. Бірақ бұл біздің емес, сол елдің қауіпсіздік ережесі. Оның ұшу бағытына, билетті кешіктіруіне немесе кедендік бақылауға жауап бере алмаймыз”, – деді Ангелина.

“IBO-ның өтінішін де орындамады”

Лукас қарсыласының жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу тәртібіне бағынбағанын да атап өтті:

“Ол 500 грамм тастау керек еді. Бірақ одан бас тартты. Тіпті IBO мамандарының өзі салмақ түсіруін сұрады. Асенхо күшін сақтап, рингке артық салмақпен шыққысы келді. Жекпе-жек күні ол 59 келі тартты. Мен соған да келістім, себебі бұл маған маңызды жекпе-жек болатын. Ең сорақысы, сол адам кейін рахмет айтып кеткен, қонақүйі – ең үздігі болды, менің командам жақсы қарсы алды. Енді артынан бұлай айту – нағыз бейәдептік”, – деді Лукас.