Француз боксшысы Анауэль Нгамиссенге (14-1, 9 KO) Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) қайта жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді.
“5 сәуірден бері өзімді торда тұрған аш арыстандай сезініп жүрмін. Мен не үшін жеңілгенімді білемін. Турки Аль аш-Шейх, маған Жәнібекпен реванш ұйымдастырыңыз немесе “Канелоның” шоуында орта салмақтағы үздік ондықтағы кез келген боксшымен кездесу ұйымдастырыңыз! Мен әлемге Анауэль Нгамиссенгенің кім екенін көрсеткім келеді”, — деп жазды француз спортшысы әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссенге арасындағы жекпе-жек 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткен. Кездесу бесінші раундта техникалық нокаутпен аяқталып, қазақстандық боксшының айқын жеңісімен аяқталды.
Қыркүйек айына жоспарланған Сауль “Канело” Альварестің жекпе-жек кеші бокстың басты оқиғаларының бірі болмақ. Нгамиссенге дәл осы кештің андеркартында (алдын ала жекпе-жек бағдарламасында) қайта жұдырықтасуға үміттеніп отыр.