Кәсіби бокс әлемінде жылдың алғашқы жартысындағы ең әсерлі нокауттардың рейтингі жарияланды. DAZN стримингтік платформасының ресми сайтындағы бұл тізімге қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының жойқын жеңісі де енгені белгілі болды.
5 сәуірде Астанада өткен жекпе-жекте орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутқа жіберіп, қос белбеуін сәтті қорғады. Бұл әсерлі финиш DAZN рейтингінің үздік ондығына енді.
Спорт сарапшылары мен жанкүйерлер Жәнібектің техникасы мен физикалық дайындығын ерекше атап өтті. DAZN былай деп жазады:
"IBF және WBO чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлының күш-қуаты мен шеберлігіне әлем жұртшылығы толық көз жеткізді. Ол WBO титулын Дензел Бентлиге қарсы жекпе-жекте сенімді түрде жеңіп алғаннан кейін қатарынан төрт қарсыласын уақытынан бұрын тоқтатып, нокауттар сериясын жалғастырып келеді".
Бесінші раундта Жәнібек қарсыласына сол жақ хукпен дәл соққы жасап, артынша Нгамиссенгенің қорғанысын бұзды. Ал екінші қуатты соққымен оны нокдаунға жіберді. Бұл нокаут тек жеңіс емес, орта салмақтағы өзге чемпиондарға айқын белгі болды.