Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жұлдызы Сәкен Бибосынов кәсіби боксқа өту туралы ұсыныстар алып жатқанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол YouTube-тегі "Спорт Министрі" арнасына берген сұхбатында айтты. 2021 жылы Белградтағы әлем чемпионатының жеңімпазы және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов қазір әуесқой бокста Қазақстан намысын қорғап жүр. Оның еншісінде Азия чемпионаттарының екі медалі бар — 2021 жылы қола, 2022 жылы күміс.
"Кәсіпқой боксқа өту туралы ұсыныстар бар. Бірақ қазір ұлттық құрамада жүргендіктен оған қатты бас қатырмаймын. Егер болашағым жарқын болатын нақты ұсыныс түсіп жатса, кәсіби рингке өтуім мүмкін. Бірақ бәрі бас бапкердің, менің жеке жаттықтырушым мен бокс федерациясының шешімімен болады", — деді Бибосынов.
Сұхбат барысында спортшыға қай жақтан ұсыныс түскені де сөз болды:
"Қазақстандық компаниялардан да, шетелдік ірі промоутерлік ұйымдардан да ұсыныстар бар. Қазір нақты ештеңе айтпай-ақ қояйын, нақты шешім қабылданса, бәрін білетін боласыздар", — деп жауап берді Сәкен.