WBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Брайан Норман Токиода өткен кештің басты жекпе-жегінде Дзин Сасакиді ауыр нокаутпен жеңді.
АҚШ боксшысы, чемпиондық белбеу иегері Брайан Норман (28-0, 22 KO) титулын екінші мәрте қорғады. Оның қарсыласы — жапондық нокаутшы Дзин Сасаки (19-2-1, 17 KO) болды.
Жекпе-жектің небәрі 75 секундында Сасаки екі мәрте нокдаунға түсті. Жапониялық боксшы өте агрессивті, бірақ шабуылдары тым болжамды болды. Ол тепе-теңдікті жоғалтып, қарсыласына мүмкіндік сыйлады.
Екінші раундта Сасаки ашық айқасты қаламаған қарсыласын жекпе-жекке тартуға тырысты. Алайда Норман қарсы шабуылдар арқылы оны бірнеше мәрте жазалады. Жапониялық боксшы екінші раундта ауыр соққыларға төтеп берді. Бірақ үшінші раундта көрермендер оның төзімділігіне таң қалды. Бұл нағыз жаужүрек спортшының әрекеті болды.
Бесінші раундта Норман денеге бағытталған бірнеше соққымен қарсыласын шаршатып алды. Сасаки кезекті рет дайындықсыз шабуыл жасағанда америкалық боксшы оны солақай контрхукпен дәл басты. Дзин сол сәтте-ақ сұлқ түсті. Нокаут – бруталиссимо!