Азат Мақсұм UFC-дегі айқастан қанша тапты?

Редактор Penalty.kz
22.06.2025, 19:24

Қазақстандық файтер Бакуде өткен турнирде ресейлік Тагир Уланбековқа төрешілер шешімімен есе жіберген болатын. Сондықтан болар, сыйақысы қарсыласынан шамамен 5 есе аз. 

NUR.KZ

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм Бакуде өткен UFC турнирінде жалпы 32 000 АҚШ доллары (28 000 — негізгі сыйақы, 4 000 — демеушілік бонус) тапты. Алайда спорттық нәтижеге келсек, ол бұл кеште жеңіліске ұшырады: ресейлік Тагир Уланбековпен болған жекпе-жекте төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен (30-27, 30-27, 29-28) қарсыласына жол берді.

Жекпе-жек қалай өрбіді? 

Жекпе-жек басталған бойда Тагир Уланбеков белсенділік танытып, бірден клинчке өтіп, қарсыласын партерге ауыстыруға тырысты. Азат Мақсұм қорғаныста көп уақыт өткізіп, ара-тұра джебпен жауап қайтарғанымен, раунд бойы Уланбеков позициялық үстемдік көрсетті.

Фото: championat.com

Екінші раундта екі спортшы да тұрып жұдырықтасуға тырысты. Мақсұм бірнеше low-kick және дәл джебпен ұпай жинауға талпынды. Алайда Уланбеков әр сәтті шабуылдан кейін клинчке өтіп, жағдайды бақылауда ұстады.

Ақтық раундта Мақсұм қысымды күшейтіп, тейкдауннан қашуға тырысты. Контр-соққылары дөп тиген тұстар болғанымен, бұл раундта да Уланбеков позициялық үстемдігін сақтап, соңғы минуттарды өзінің пайдасына шешті.

Ресми статистика бойынша:

Дәл тиген соққылар саны:

  •   Азат Мақсұм — 42,
  •   Тагир Уланбеков — 56.

Қарсыластар қанша пайда тапты?

  • Азат Мақсұм: 28 000 $ (негізгі сыйақы) + 4 000 $ (демеушілік бонус)
  • Тагир Уланбеков: 156 000 $ 

Мақсұмның келесі қадамы

Жеңіліске қарамастан 26 жастағы файтер промоушнмен келісімшартын сақтап қалды. Бас менеджері айтқандай, командасы жыл соңына дейін реванш немесе жаңа қарсылас іздеуге кіріседі. Өз кезегінде, Уланбеков рейтингтегі позициясын жақсартып, топ-15 ішіне кіру мүмкіндігін арттырды.