Өзбекстан құрамасы Астанаға келетін болды

Редактор Penalty.kz
25.06.2025, 13:58

Бастапқыда келмейді деген Өзбекстан құрамасы Астанадағы әлем кубогының үшінші кезеңіне қатысатынын растады. Алайда бұл жаңалықтың артында күтпеген жайт жатыр. Шаршы алаңға тек әйелдер шығады. 

Өзбекстан бокс федерациясы

“Келеді” ме, “келмейді” ме? Нүкте қойылды 

Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Өзбекстанның турнирге қатыспайтынын мәлімдеген. Осыдан кейін әлеуметтік желі мен спорттық ортада “келеді — келмейді” деген даулы пікірталас басталды. Ақыры Ташкент жағы соңғы нүктені қойып, ел намысын қорғауға тек әйелдер командасы баратынын хабарлады.

Айта кетейік, қазір Өзбекстан әйелдер құрамасы Азия құрлығындағы ең мықты ұжымдардың бірі.

Ерлерсіз турнир: тактикалық шешім бе?

Өзбекстан құрамасы бұл турнирге бірде-бір ер боксшыны тіркемеген. Бұл – стратегиялық жоспар ма, әлде ірі жарыстарға дайындықтың бір бөлігі ме — әзірге белгісіз. Бір анығы — бұл шешім әлем кубогының Астанадағы кезеңіне интрига қоса түспек.

Қазақстан мен Өзбекстан: алдыңғы кезеңдер қалай өтті?

Астанадағы жарыс — биылғы әлем кубогының үшінші кезеңі. Бұған дейінгі екі кезеңде Өзбекстан жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен. Қазақстан алғашқы кезеңге ұлттық құраманың үшінші-төртінші нөмірлерін шығарса да, екі алтын медаль жеңіп алды. Ал Варшавадағы екінші кезеңге тек бір боксшы қыз барған болатын.