Астанада өтетін бокстан әлем кубогы қарсаңында бас бапкер Қайрат Сәтжанов дайындық барысын айтып берді.
Астанада 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтетін бокстан әлем кубогы қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы белсенді дайындық үстінде. Елордалық жаттығу жиындарына АҚШ, Франция, Германия, Сербия, Әзербайжан, Финляндия сынды елдерден келген спортшылар қатысуда. Әр команда таңертең жеке жаттығу өткізсе, кешкі сессияларда бірігіп шеберлік шыңдайды.
Бас бапкер Қайрат Сәтжанов атап өткендей, тек негізгі құрам емес, жақын резервтегі боксшылар да жиынға тартылған. Бұл жастарға тәжірибе жинап, элиталық қарсыластармен (мысалы, америкалықтармен) спарринг өткізуге мүмкіндік береді.
“Жарақат жоқ, бәрі сәтті өтіп жатыр. Жуырда Нидерландыда болған турнирден екі боксшы жарақат алған, қазір толық сауығып кетті”, — деді Сәтжанов.
Оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша қорытынды құрам анықталмақ. Әр салмақта екі боксшы тіркеліп, турнир алдында ротация мүмкіндігі сақталған.
“Кестеміз тығыз: ел чемпионаты, жаттығу жиындары, Испания, Болгария, Таиланд, Ресей мен Нидерландыдағы жарыстар өтті. Барлығы жоспарға сай жүріп жатыр”, — дейді бас бапкер.
Сабыржан Ақхалықов (75 кг):
“Мақсат – алтын. Әлемдік деңгейдегі қарсыластар бар, әсіресе 75 келіде. Канада мен Сербия боксшылары – мықты. Бірақ біз өз жерімізде жеңіске жетуге тырысамыз”.
Бекзат Нұрдәулетов (85 кг):
“Бұл турнир – рейтинг ұпайларын жинау үшін өте маңызды. Бұл ұпайлар Олимпиада мен әлем чемпионаттарына жолдама үшін қажет. 16 жылдық мансабымда алғаш рет бір жиында осыншама елдің жиналғанын көріп тұрмын. Әр жекпе-жек – шешуші”.
Бокстан әлем кубогы 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді. Жарысты Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы қабылдайды. 31 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Олимпиада, әлем және құрлық чемпиондарының қатысуы жарыстың деңгейін еселемек.