Қазақстандық сұлу боксшы Балауса Мұздыман (8-0, 6 КО) әлемдік деңгейдегі үлкен жекпе-жекке шығады.
Балауса 5 қыркүйекте Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында UBO (Universal Boxing Organization) тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы бос тұрған әлем чемпиондығы белбеуіне таласады. Қарсыласы үнділік Мамта Сингх (8-2-1, 5 КО) болады.
27 жастағы қазақстандық боксшы 2017 жылы кәсіпқой рингте дебют жасаған. 2023 жылы қайтадан рингке оралып, үлкен нәтижелерге жетті.
Мамта Сингх та тәжірибелі қарсылас. Ол былтыр тағы бір қазақстандық боксшы Ангелина Лукасқа қарсы шығып, WIBF және WBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белдіктерді сарапқа салған. Ол кезде жеңіліс тапқанымен содан бері төрт рет қатарынан жеңіске жетіп, Мұздыманға қарсы айқаста Қазақстаннан кеткен есесін қайтаруға ниетті.