Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында (World Boxing) Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі, 80 келі салмақта өнер көрсететін Нұрбек Оралбай кезекті жекпе-жегін жеңіспен аяқтады.
Нұрбек 1/8 финалда Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты айқаста Нұрбек айқын басымдық танытып, төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті өз пайдасына жазды.
2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Нұрбек Оралбай енді әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Бұл жеңіс оның халықаралық аренадағы беделін арттырып, Қазақстан құрамасының медаль қоржынына қосымша үміт сыйлады.
World Boxing ұйымдастырған Әлем чемпионаты – 2025 қыркүйектің 4-і мен 14-і аралығында Ливерпульде өтуде. Додаға әлемнің ең мықты боксшылары қатысып, түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынауда.