Загребте еркін күрестен әлем біріншілігі қызып тұр. Бірақ Қазақстан құрамасының үш бірдей балуаны турнирді ерте аяқтады.
Қазақстандықтарды жарыстан шеттеткен қарсыластары өздері де келесі кезеңдерде сүрініп, нәтижесінде біздің балуандардың жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі жойылды.
Қазақстан намысын қорғаған Әділет Әлмұхамедов іріктеуде ресейлік Арыйан Тютринге есе жіберген еді. Алайда Тютрин келесі айналымда өзбек балуаны Гуломжон Абдуллаевтан жеңіліп, турнирден шықты.
Болат Сақаев та іріктеу кезеңінде түрік спортшысы Ибрагим Япракқа жол берген. Бірақ Япрак келесі айналымда моңғол балуаны Сулдхуу Олонбаярға қарсы тұра алмады.
Венгрия атынан өнер көрсетіп жүрген Мұрад Курамагомедов 1/8 финалда қазақстандық Әлібек Әбдіқасымовты жарыстан шығарған. Дегенмен ол да ширек финалда ресейлік Заурбек Сидаковтан жеңіліс тапты.