2025 жылғы әлем чемпионатынан кейін бокстан Қазақстан құрамасының физикалық дайындық бойынша жаттықтырушысы, америкалық маман Кристофер Камачо елден кеткенін хабарлады.
Камачо өзінің Instagram парақшасына Лос-Анджелес әуежайынан түсірілген сурет жүктеп, астына: «Сүйікті үйім!» деп жазды. Бұл жазба оның Қазақстандағы жұмысын уақытша тоқтатқанын меңзейтіндей болды.
Айта кетейік, Кристофер Камачо – қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкиннің бұрынғы жеке бапкері. Ол ағасы Дарио Камачомен бірге Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының тұңғыш әлем чемпионатына ұлттық құраманы дайындаған еді. Бұған дейін америкалық мамандардың Қазақстанға келуі GGG бастамасымен жүзеге асқаны хабарланған болатын. Дегенмен Камачо бауырларының елге қайта оралатын уақыты әзірге белгісіз.
Жаңа форматтағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынға шықты. Қоржында жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.