Қазақстандық боксшы, WBO/IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеспен біріккен жекпе-жек өткізеді, деп жазады Penalty.kz
Бұл туралы испантілді комментатор және тележүргізуші Фернандо Сабатини «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады:
«Карлос Адамес маған Жәнібек Әлімханұлымен біріктіру жекпе-жегі оның келесі айқасы болатынын айтты».
Өз жазбасында Сабатини Карлостың сөзін келтірді:
«Біз ұзақ уақыт бойы келісімге келе алмадық, бірақ бұл жекпе-жек өтеді. Оны ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Келісім іс жүзінде аяқталуға жақын».
Инсайдер атап өткендей, айқастың нақты өтетін күні мен орны әзірге белгісіз, алайда барлығы бұл жекпе-жек екі боксшы үшін алғашқы кезекте болатынын меңзеді.
Жақында Жәнібек Әлімханұлы да «орта салмақта көптен күткен айқасты» жақын арада жариялайтынын уәде еткен еді, бірақ қарсыласының есімін ашып айтқан жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы жекпе-жегін Жәнібек сәуірдің бесінде Анауэль Нгамиссенгемен өткізген болатын. Нәтижесінде қазақ боксшысы французды бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.