Бахрейнде өтіп жатқан ІІІ жасөспірімдер Азия ойындарында 60 келіге дейінгі салмақта өткен Қазақстан – Өзбекстан ширек финалы айқын есеппен аяқталды.
Бахрейнде жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында тағы бір қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты. 60 келі салмақтағы Эмир Мухит ширек финалда өзбекстандық Иброхим Шокиржоновға қарсы жұдырықтасты.
Кездесудің алғашқы раундынан-ақ өзбек боксшысы жоғары қарқынмен бастады. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен Шокиржонов бірінші раундта 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Екінші раундта да өзбек спортшысы еш мүмкіндік қалдырмады. Қарсыласына қысым жасап, дәл соққылармен үстемдік танытқан Шокиржонов тағы да 4:1 есебімен ұпай алды.
Үшінші раундта нәтиже айқын болды — төрешілер бірауыздан (5:0) өзбек боксшысының пайдасына шешім шығарды. Осылайша, Эмир Мухит турнирден шығып қалды.
Бұл жеңіс Өзбекстан құрамасының медаль қоржынын толықтырды. Иброхим Шокиржонов кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.