Қазақстандық боксшы кәсіби мансабындағы екінші жекпе-жектен кейін жанкүйерлеріне маңызды мәлімдеме жасады.
Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен бокс кешінде қазақстандық Сәкен Бибосынов жергілікті спортшы Адилет Качкынбековпен күш сынасты. Төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен Бибосынов айқын жеңіске жетті.
Осылайша кәсіби бокстағы екі кездесуінде де жеңіс тұғырынан көрінді.
Жекпе-жектен кейін Сәкен өз жанкүйерлеріне үндеу жасады. Ол бұл жеңісті ел намысына бағыштап, өз жолының мәнін бөлісті:
«Ассалаумағаллейкум, Қазақстан халқы! Чемпионаттан кейін көп уақыт өтпей-ақ, Алланың қалауымен кәсіби бокстағы екінші жекпе-жегімді өткіздім. Қырғызстанда өткен бұл кездесуде жеңіске жеттім — шүкір Аллаға.
Бұл — менің жолым, менің өмірлік бағытым! Әрбір соққы, әрбір тер тамшысы — арманға жақындататын еңбектің нәтижесі.
Әуесқой болсын, кәсіби болсын — мен үшін ең бастысы — ел намысын адал қорғау!
Осындай сәттерде отбасым мен бапкерлеріме, сондай-ақ жанкүйерлеріме шексіз алғыс айтамын. Сіздердің сенімдеріңіз — менің күшім!», — деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Сәкен Бибосынов — Қазақстан құрамасының тәжірибелі мүшесі. Ол әуесқой рингте де, енді кәсіби аренада да жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етеді.
Жанкүйерлер оның келесі жекпе-жегін асыға күтуде.