Америкалық боксшы Жәнібек Әлімханұлының алғашқы рет жеңілуі мүмкін деген болжам айтты.
АҚШ-тың бірінші орта салмақтағы боксшысы Хесус Рамос (23-1, 19 КО) орта салмақта өтетін біріктіру жекпе-жегінің нәтижесін болжады. Бұл айқаста WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) кездеседі.
"Бұл жекпе-жекке нақты болжам жасау қиын. Бірақ жүрегіммен мен Лараны қолдаймын. Ол ұзақ жылдан бері рингте, кезінде «Канеломен» де жұдырықтасқан. Мен оны көптен бері бақылап келемін. Соңғы кездері оның стилі қатты әсер етті. Жасы ұлғайған сайын ол соққыларына көбірек күш салып, тамаша нокауттармен жеңіске жетіп жүр."
Боксшының айтуынша, Әлімханұлы әлі мықты қарсыластармен шаршы алаңда кездеспеді:
"Жәнібек те мықты. Тек бір айырмашылығы — Жәнібек әлі нағыз сыннан өтпеді. Ал Лара «Канеломен» де, Джарретт Хёрдпен де шайқасты. Ол соғыстардан өтті. Соңғы жекпе-жегінде Дэнни Гарсияны жеңді. Мұндай тәжірибені жоққа шығаруға болмайды. Менің ойымша, ол осы жағынан басым болады. Мен Лараға сенемін. Ол бұл кеште үш белбеумен рингтен кетеді деп ойлаймын. Ол мені әлі де таңғалдырып келеді", — деді Рамос The SchuZ Show бағдарламасына берген сұхбатында.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лараның жекпе-жегі 6 желтоқсанда (Қазақстан уақытымен 7 желтоқсанның таңында) АҚШ-тың Техас штаты, Сан-Антонио қаласында өтеді.