Бокс аңызы жуырда берген сұхбатында бірден бірнеше спортшының есімін атады.
Бокс аңызы Майк Тайсон абсолютті чемпион Теренс Кроуфордтың келесі қарсыласы кім болуы керегін айтты. Ол Кроуфордтың келесі қарсыласы ретінде Джарон «Бутс» Эннисті немесе ағайынды Чарлолардың бірімен айқасқанын көргісі келетінін айтты.
«Мен Теренс Кроуфордтың келесі қарсыласы Джарон Эннис болса деймін. Немесе ағайынды Чарлолардың бірімен жұдырықтассын. Мен “Бутстың” шын сынақтан өткенін қалаймын. Оны нокдаунға түсіріп, су терге түсіретін қарсылас керек. Сондықтан Кроуфорд дәл осы жігіттердің бірімен айқасуы тиіс», — деді Майк Тайсон Sports Illustrated-ке берген сұхбатында.
Айта кетейік, Теренс Кроуфордтың болжалды қарсыластары қатарында қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының есімі де жиі аталады. Қазір ол орта салмақтағы IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.
Кроуфорд бұған дейінгі сұхбаттарында Әлімханұлымен кездесуге дайын екенін жасырмаған. Бұл жұптың рингте жолы түйіссе, ол қазіргі бокстың ең интригалық жекпе-жектерінің бірі болатыны сөзсіз.