Айдос Медет (14-0, 10 KO) АҚШ рингіндегі алғашқы жекпе-жегін нокаутпен аяқтап, халықаралық аренадағы өз әлеуетін айқын көрсетті.
Калифорния штатының Лонг-Бич қаласында өткен кәсіби бокс кешінде Айдос Медет тәжірибелі мексикалық қарсылас — Давид Рейес Котамен (25-15-2, 13 KO) қолғап түйістірді.
Жекпе-жек екінші жартылай жеңіл салмақта жоспарланған алты раундқа созылуы тиіс еді. Алайда қазақстандық боксшы қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатып, айқын нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл жекпе-жек Айдос Медеттің кәсіби рингтегі 14-жеңісі болды. Ол 2018 жылдан бері кәсіби боксқа араласып келеді.
24 жастағы боксшы осы уақытқа дейінгі жекпе-жектерінің басым бөлігін Қазақстанда өткізіп, тек екі рет шетелде жұдырықтасқан.
Медет 2023 жылы алғаш рет шетелде – Түркияның Ыстамбұл қаласында өнер көрсетсе, АҚШ-тағы бұл дебют оның халықаралық деңгейдегі келесі нық қадамы болды.