Қазақ боксының жаңа жұлдызы саналатын Балауса Мұздыман желтоқсан айында өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетеді.
Қазақстанның танымал кәсіпқой боксшысы, жеңіліссіз чемпион Балауса Мұздыман (9-0, 7 КО) рингке қайта оралады. Оның келесі жекпе-жегі 27 желтоқсанда Алматыда өтетіні ресми түрде жарияланды.
Бұл ақпаратты боксшының промоутерлік компаниясы — Али Ахмедовтың промоушені Instagram парақшасында растады.
«Балауса — UBO нұсқасы бойынша чемпион атағының иегері, және бұл белдікке лайық екенін дәлелдеуге дайын. Күні, уақыты және орны қазірдің өзінде белгілі. Енді ең бастысы — рингке қарсы шығатын боксшының атын білу ғана қалды», — делінген хабарламада.
Қарсыласының есімі әзірге жарияланбағанымен, жекпе-жекке қызығушылық қазірдің өзінде жоғары.
Балауса Мұздыман соңғы рет рингке қыркүйек айында шыққан болатын. Алматыда өткен сол кеште ол үндістандық Мамта Сингхті (8-3-1, 4 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Бұл жекпе-жек Балаусаның тоғызыншы жеңісі және жетінші нокауттық жеңісі болды.