Ташкентте өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Қазақстан және Өзбекстан құрамалары бірлескен дайындықтарын жалғастырып жатыр.
Қазақстандық жас жұлдыз Санжар Тәшкенбай Instagram парақшасында ерекше видео жариялады. Роликте ол Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовпен бірге бокс грушасында жұмыс істеп жатыр.
Екі боксшы бір инвентарьды кезектесіп емес, бір мезетте қатар қолдана отырып, жоғары деңгейдегі үйлесімділікті көрсетті. Мұндай синхронды жаттығу – олардың кәсіби тәжірибесінің, ритм сезімінің және дайындық деңгейінің көрінісі.
19 қарашада басталған Ташкенттегі халықаралық оқу-жаттығу жиынына бірнеше елдің ұлттық құрамасы жиналды. Қазақстанның бірінші және екінші нөмірлі боксшыларымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Таиланд құрамалары да дайындыққа қатысып жатыр.
Бұл жиын Азия аймағындағы жетекші бокс мектептері үшін тәжірибе алмасуға, жаңа тактикалық шешімдер іздеуге және рейтингтік турнирлерге дайындықты күшейтуге бағытталған.