Бүгін 86 келі салмақта қазақстандық Дәулет Төлемісов өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен кездеседі.
Бүгін Дубайда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары алғаш рет бір-біріне қарсы шығады. 86 келі салмақта қазақстандық Дәулет Төлемісов өзбекстандық Акмалжон Исроиловпен кездеседі.
Ағымдағы жыл екі боксшы үшін де табысты жыл саналады. Акмалжон Исроилов — Ливерпульде өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері. Ал Дәулет Төлемісов — Бразилияда өткен Әлем кубогының бірінші кезеңінің жеңімпазы. Айта кетерлігі, отандасымыз финалда дәл осы Исроиловты ұтқан болатын.
Осы ретте, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Тұрсынғали Еділов алдағы жекпе-жектің маңызына тоқталып, өз пікірін білдірді.
«Бұл айқаста біз қай боксшының алға жылжығанын, ал қайсысы дамуда тоқтап қалғанын көреміз. Қай бапкердің жұмысы нәтижелі болғанын да осы кездесу анықтайды. Әрине, бәрі әділ төрелікке байланысты. Ерасыл Жақпековтың ресейлікпен жекпе-жегіндей болмауы керек», — деді ол.
Еділовтің айтуынша, боксшылар соңғы рет сәуір айында кездескен. Сол уақыттан бері Исроилов айтарлықтай өсіп, әлем чемпионатында өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді. Төлемісов те бірқатар маңызды турнирлерді жеңіп, жетістігін нығайтты:
Тұрсынғали Еділовтің пікірінше, Исроилов әлем чемпионы атанғанымен, Төлемісовтың артықшылығы бар.
«Психологиялық тұрғыдан біздің жігіттің басымдығы бар. Ол Исроиловпен кездесіп, оны қалай жеңуді біледі. Бұл өте қызықты реванш болады деп ойлаймын», — деді маман.