Қазақстандық ММА спортшысы Аян Тұрсын АҚШ-тағы Cage Fury Fighting Championships (CFFC) ұйымында чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігіне ие болды.
Тұрсынның қарсыласы — жапониялық Ариcа Мацуда. Ол қазірге дейін кәсіби ММА-да жеңілмеген (7–0). Сондай-ақ оның соңғы жекпе-жегі Road to UFC жобасы аясында жеңіспен аяқталды.
Бұл кездесудің тағы бір ерекшелігі — 31 жастағы Аян Тұрсын үшін CFFC-дегі дебют болуы. Бұған дейін ол Octagon және Dala Fighting Championship лигаларында өнер көрсеткен.

Тұрсынның спорттық базасы да мықты: ол қолма-қол ұрыстан әлем чемпионаттарының жүлдегері, сондай-ақ 2022 жылғы Азиадада ушу-саньдадан қола медаль алған.
Сарапшылар CFFC-дің осы дивизионын жиі UFC-ге өтудің трамплині деп атайды. Бұрын бұл салмақта чемпион атанған спортшылар кейін белбеуді босатып, әлемдегі жетекші промоушенмен келісімшартқа қол қойған жағдайлар болған. Сондықтан алдағы жекпе-жек Тұрсынның мансабында жаңа есік ашуы мүмкін.