Екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева 2025 жылғы жетістіктері үшін қомақты марапатқа ие болды. Боксшыға 15 мың долларлық (шамамен 7,547 млн теңге) сертификат берілген.
Жыл қорытындысын шығарған Қарағанды облыстық бокс федерациясы өңірдегі үздік спортшылардың жетістігін атап өткен. Сол тізімде — екі дүркін әлем чемпионы атанған Аида Әбікеева да бар.
2025 жылғы табысты маусымы үшін оған 15 000 доллар көлемінде сертификат тапсырылған.
Айта кетейік, әлем чемпиондарына мемлекет тарапынан да 15 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылғаны бұған дейін ақпарат құралдарында жазылған.
Аида үшін 2025 жыл шынымен ерекше өтті. Ол бір жыл ішінде екі түрлі ұйымның әлем чемпионатында топ жарды:
Наурыз айында Ниш қаласында өткен IBA нұсқасындағы әлем чемпионатында қазақстандық боксшы 63 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Кейін World Boxing ұйымдастырған әлем біріншілігінде Әбікеева финалға дейін жетіп, шешуші жекпе-жекте Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидовамен кездескен. Бұл турнирде Аида алтын алды.