Ұзаұ үзіліске қарамастан отадасымыз UFC-де басты файтерлердің бірі саналады. Рейтингте екінші орында келеді.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Фаниль Рафиков UFC-де өнер көрсететін отандасы әрі досы Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралуы жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, ұзақ үзіліске қарамастан, Шавкат Рахмонов UFC-дегі басты үміткерлердің бірі болып қала береді.
"Шавкат бір жылдан астам уақыт бойы жекпе-жек өткізген жоқ, бірақ соған қарамастан ол негізгі үміткерлердің қатарында. Оралғаннан кейін оған бір жекпе-жек өткізу керек, ал одан кейін титул үшін айқасуға болады. Қазір ең бастысы — UFC Шавкаттың октагонға қашан оралатынын ресми түрде жариялауы", — деді Рафиков.
Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров та жағдайға қатысты түсініктеме берген еді. Оның айтуынша, әзірге UFC тарапынан ешқандай ресми ұсыныс түспеген, әрі келесі қарсылас та анықталмаған.
Сонымен қатар, Базров Шавкаттың жекпе-жекке дайындалуы үшін кемінде 2,5 ай қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Рахмоновтың командасы қысқа мерзімді шақырумен жекпе-жек қабылдамайды.
1 жыл 2 ай бойы октагонға шықпаса да, Шавкат Рахмоновтың UFC-дің жартылай орта салмағындағы рейтингі жақсарып келеді. Желтоқсан айында ол үшінші орында тұрған болса, кейінірек екінші сатыға көтерілді.
Қазіргі таңда рейтингтің бірінші орнында Джек Делла Маддалена тұр, ал жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы — Ислам Махачев.