Реклама
Реклама

Аяғы ауыр қазақстандық каратэші әлемдік ойындарда күміс жүлде иеленді

Сарапшы, спорт журналисі
29.01.2026, 21:35

Каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай 2025 жылғы әлемдік ойындарда финалға дейін жетіп, күміс медаль алды. Спортшы бұл жарысқа аяғы ауыр күйде қатысқанын кейінірек білгенін айтты. 

instagram/@moldir_zhanbyrbay

Әлемдік ойындарды неге ерекше күткен?

Мөлдірдің сөзінше, каратэде ірі әлемдік турнирлер жиі өте бермейді. Сол себепті екі жылда бір рет өтетін әлемдік ойындар оның күнтізбесіндегі ең маңызды жарыстардың бірі болған.

Спортшы жеңіл салмақта өнер көрсететіндіктен әдетте салмақ түсіру қиындық тудырмайтынын да жасырмады. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша өрбіген.

"Салмақ түспеді… аяғым ауыр екенімді кейін білдім" 

Жаңбырбайдың айтуынша, турнир алдында салмақ қуу бұрынғыдан әлдеқайда ауыр тиген:

"Қанша тырыссам да, керек салмаққа түсе алмадым, қатты уайымдадым. Тек жарысқа жақын уақытта жүкті екенімді білдім. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Жолдасыммен ақылдасып, бәрібір жарысқа баруға шешім қабылдадым", — деді ол.

Спортшының сөзінше, жүктіліктің алғашқы айы болғандықтан бұл жағдайды бас бапкерлерге айтпаған. Оның үстіне Қытайда тамақтану да оңай болмағанын атап өтті.

Финалға апарған тактика: қауіпсіз ойын және қорғаныс

Мөлдір командадағы қыздармен кеңесіп, турнир барысында барынша сақ ойнауға бекінгенін жеткізді. Нақтырақ айтқанда шабуылға ұмтылмай, қорғанысқа көбірек мән берген.

Қарсыласқа бірінші болып "жарылмай", тәуекелді азайтты. Тек қолайлы сәтте қарсы шабуылға шықты. Финалда ирандық қарсыласы да "ашылмай", оның қимылын күткен.

Спортшының айтуынша, егер өзі бірінші болып белсенді шабуылға көшсе, қорғаныс "қалқанында" олқылық пайда болуы мүмкін еді. Сондықтан басты мақсат — соққы өткізіп алмау болған.

Жекпе-жек тең аяқталғанымен төрешілер белсендірек қимылдаған ирандық спортшыға басымдық беріп, Мөлдір күміс жүлдеге ие болған.

Мөлдір Жаңбырбайдың қызықты жағдайын (жүктілігін) бапкерлер жарыс аяқталған соң ғана естіген. 

Мөлдір Жаңбырбайдың жетістіктері

Қазір ол:

  • WKF нұсқасы бойынша әлемдік рейтингтің көшбасшысы (50 кг дейінгі салмақ дәрежесі);
  • Қазақстан тарихындағы каратэден тұңғыш әлем чемпионы (Будапешт, 2023).
Реклама
Реклама