Реклама
Реклама

IBA әлем чемпионы мансабына қатысты шешімін айтты

Сарапшы, спорт журналисі
29.01.2026, 23:43

IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Оразбек Асылқұлов биылғы маусымдағы негізгі жоспарын жариялады.  

instagram/@asbc_official

Салмақ ауыстыру

Асылқұлов қаңтар айында ұлттық құрамамен бірге Шымкенттегі оқу-жаттығу жиынында болғанын атап өтті. Осы маусымда ол өз мүмкіндігін 60 келіге дейінгі салмақта сынап көруге шешім қабылдаған.

"Бұл маусымда 60 келіде өнер көрсетіп көрмекпін. Қазақстан чемпионатында осы салмақта қола медаль алдым. Бұл – елдегі ең бәсекелі салмақтардың бірі", – деді боксшы.

Оразбектің айтуынша, аталған категорияда көшбасшы ретінде Серік Теміржановты жоғары бағалайды. Сонымен қатар бұл салмақта Бибарыс Жексен де тұрақты өнер көрсетіп жүр.

Келесі қадам – 55 келі ме?

Боксшы болашақта 55 келіге ауысу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Оның сөзінше, бұл салмақта қазірдің өзінде әлем чемпиондары бар, демек бәсеке одан әрі күшейе түспек.

"55 келіге де көшу ойымда бар. Бұл салмақта екі әлем чемпионы шықты, енді үшіншісі де болады. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде", – дейді Асылқұлов.

Жарақат, ем-дом және Азия ойындарына мақсат

Қазір боксшы жарақатын емдеп жүргенін айтты. Наурыз айында қайтадан жиындарға қосылуды жоспарлап отыр. Егер дайындық ойдағыдай өтсе, биыл Азия ойындарына қатысып, алтын алуды мақсат етеді.

Оразбек маңызды статистиканы да еске салды: соңғы сегіз жылда қазақстандық боксшылар жазғы Азия ойындарында алтын медаль ала алмаған. Ал Асылқұловтың өзі бұл жарысқа әлі қатысып көрмеген.

Дубайдағы жеңіс

Еске сала кетейік, IBA 2025 әлем чемпионатында (Дубай) Оразбек Асылқұлов 57 келіде чемпион атанды. Бұған дейін 2024 жылғы Азия чемпионатында (Чиангмай, Таиланд) осы салмақта күміс жүлде иеленген.

Боксшының салмақ ауыстыруына әсер еткен негізгі себептердің бірі – 57 келі Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақ. Сондықтан жаңа категорияларға бейімделу оның халықаралық жоспарымен тікелей байланысты болуы мүмкін.

Техникалық шеберлігі мен тактикалық боксы үшін Оразбек Асылқұловты жанкүйерлер арасында жиі "Қазақтың Ломаченкосы" деп атайды.

Реклама
Реклама