Отандасымыз 6 наурызда Лас-Вегаста жекпе-жек өткізеді. Қарсылас ауыр салмақ дәрежесі рейтингінде үздік бестікке кіреді.
Қазақстандық спортшы Закир Найманбаевтың Power Slap лигасындағы келесі жекпе-жегі қашан және қайда өтетіні белгілі болды.
Қазіргі таңда Закир Найманбаев Power Slap-тың аса ауыр салмақ дивизионында 6-орында тұр. Егер топ-5-ке кіретін қарсыласын жеңсе, рейтингте бірден екі саты жоғарылап қана қоймай, титулдық жекпе-жекке тікелей үміткер атануы мүмкін.
Наурыз айындағы турнирге дайындық кәсіби дәрігерлердің бақылауымен өтуде. Закирді қазір бапкерлері Дамир Янгалычев пен туған ағасы Наиль Найманбаев жаттықтырып жатыр. Әсіресе, аяқ күшіне басымдық беріліп жатыр екен.
"Қазір соққыны жетілдіруге көбірек назар аударып жүрмін. Аяқтың күшін арттыруға тырысып жатырмын. Аяқты көп жаттықтырамын, тіпті шалбар таңдау қиын болып кетті. Аяқпен жұмыс істегенде, қолдағы күш те арта түсетінін сеземін", — деді Закир Sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Найманбаев менталдық тұрақтылыққа да ерекше көңіл бөлген. 31 жастағы спортшы ағзасын тыңдап үйренгенін, күмәнді қоспаларсыз, тек тәртіп пен жүйелі жаттығуға сүйенетінін атап өтті.
Айта кетейік, Закир Найманбаевтың амбициясы тек Power Slap лигасымен шектелмейді. Жуырда ол әлемдік спорттағы атышулы тұлғалардың бірі — Джейк Полға ашық түрде үндеу тастады.
"Ол бұрын менің формам туралы жазды. Диалогқа тартып көрмекпін. Өмірде бәрі мүмкін, бәлкім бір күні Джейк Полмен де айқасып қалармын", — деді қазақстандық спортшы.
Ал спорттан тыс уақытта Закир кинематографияға қызығады. Арманы — өз сериалын түсіру немесе ішкі трансформациядан өтетін басты кейіпкері бар жобада ойнау.