Айтулы оқиға 2026 жылдың 27 маусымында өтеді. Спорт аңыздарының айқасы Афинадағы кештің хедлайнері болады.
2026 жылдың 27 маусымында Афинадағы Oaka Arena кешенінде Мейвезер жекпе-жек өткізеді. 48 жастағы бокс аңызы Флойд Мейвезер (50-0, 27 KO) "Аңыздар шайқасы" деп аталатын ірі турнирдің хедлайнері болады. Ал оның қарсыласы — "Темір Майк" атанған 45 жастағы Майк Замбидис. Ол әлемдік кикбоксингтің тірі аңызы әрі Грекияда жекпе-жек спортының танымал өкілі саналады.
Мейвезердің алдыңғы қарсыластарымен (блогерлер мен шоу-файтерлерден) салыстырар болсақ — Замбидис кәсіпқой спортшы. Соған қарамастан, таза бокс ережесінде 45 жастағы Замбидистің 48 жастағы Мейвезерге қарсы мүмкіндігі аса көп емес.
Афинаның таңдалуы бекер емес. Бұл – SEAJETS компаниясы мен грек промоутерлерінің стратегиялық шешімі. Мейвезер өзінің брендін әлемдік деңгейдегі бокс кештері сирек өтетін елдерде монетизациялауға тырысады.
Грекия үшін Флойдтың келуі — өте ауқымды оқиға. Турнир тек бір жекпе-жекпен шектелмейді: кардта әлем чемпиондығы үшін екі титулдық айқас жоспарланған (қатысушылар кейінірек жарияланады). Бұл "Аңыздар шайқасын" жай ғана ардагерлер шоуы емес, нағыз спорттық ивентке айналдырады.
Еске салайық, Мейвезердің соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың тамызында Мехикода Джон Готти III-ке қарсы өтті. Сол айқас жанжалға ұласа жаздады: Флойд жекпе-жек ортасында төрешіні ауыстыруды талап еткен болатын