Реклама
Реклама

"Оны тым қатты қорғаштайды": Төрехан Сабырханның кезекті жеңісінен кейін дау шықты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 17:00

Төрехан Сабырхан ересектер арасында қатарынан бесінші турнирде топ жарды. 

Instagram/@boxingkazakhstan

Жастардан ересектерге — сенімді қадам

2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан ересектер боксына 2024 жылдың желтоқсанында ауысты. Алғашқы ірі жарысында-ақ 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатын жеңіп алды.

Одан кейін оның қоржынына тек жеңістер түсті:

  • "Странджа кубогы" 
  • Thailand Open
  • Ливерпульдегі әлем чемпионаты (соңғы екеуі — 70 келіге дейін)

2026 жылғы маусым Boxam турнирінен басталды

2026 жылғы алғашқы жарыс Төрехан үшін Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam турнирі болды. Қазақстандық боксшы барлық жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда тәжірибелі үнді спортшысы Хитешті ұтты.

Айта кетерлігі, финал оңайға соққан жоқ. Сабырхан алғашқы раундта жеңіліп, шешуші сәтте камбэк жасады. 

Төрешілер шешіміне қатысты күмән

Төрехан Сабырхан қатысқан жекпе-жектердегі төрешілер шешіміне қатысты Қазақстанның өзінде де сын-пікірлер айтылуда.

Мысалы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов "Странджа кубогынан" кейін ашық мәлімдеме жасаған еді:

"Менің ойымша, ол жартылай финал мен финалда жеңілді. Бірақ төрешілер тартып әкетті. Қазір кейбір турнирлерде осылай ұтып жүрміз. Ал нағыз әлем чемпионатында бәрі көрінеді. Төрехан Сабырхан ауыр жеңіліске ұшырайды. Бізді соқпағанша мықтымыз", — деді Өмірзақов.

Boxam финалынан кейін дау ушыға түсті

Испаниядағы финалдан соң Сабырханға қатысты "төрешілердің сүйіктісі" деген әңгіме қайта жанданды. Танымал бокс сарапшысы Тэйлор О’Хиггинс өзінің YouTube-арнасында жекпе-жектің толық видеосын жариялап, пікір қалдырғандардың басым бөлігі үнді боксшысы Хитеш жеңді деген ой айтты.

Сарапшылардың кейбір пікірі:

"Мен Хитештің 2:1 есебімен жеңгенін көрдім. Төреханның соққылары көбіне қолға тиді" 
"Сабырхан талантты, бірақ оған үнемі “екінші мүмкіндік” беріледі" 
"Қазақстанда оны жеңілмесін деп қатты қорғаштап жүргендей әсер бар" 
"Бұл оның қабілетсіз екенін білдірмейді, тек әділдік болғанын қалаймыз" 

Барлық сынға қарамастан Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы деңгейде әлі де жеңілмей келеді. Оның техникасы, қозғалысы мен әдемі боксы жанкүйерлер мен сарапшылардың ықыласына бөленген.

Реклама
Реклама