Жекпе-жек сәуірдің басында Таиландта өтеді. Қарсылас - түркиялық боксшы.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Армат Арманұлы (6-1, 4 КО) келесі жекпе-жегін 4 сәуір күні Бангкокта өткізеді. Оның қарсыласы жеңіліссіз сериясымен танылған түркиялық Кенан Гюзель (6-0, 5 КО) болмақ.
WBA Asia титулы сарапқа салынады
Алдағы жекпе-жекте орта салмақтағы WBA Asia чемпиондық белбеуі бәске тігіледі. Бұл титул қазіргі таңда қазақстандық Армат Арманұлына тиесілі.
22 жастағы қазақстандық боксшы соңғы рет 2025 жылдың 20 желтоқсанында Алматыда шаршы алаңға шыққан. Сол кеште ол тәжікстандық Авзалбек Куранбаевты (11-2-1, 8 КО) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, WBA Asia титулын жеңіп алған.
Ал Кенан Гюзель соңғы жекпе-жегін 10 қаңтарда Таиландта өткізді. Ол жергілікті боксшы Прачак Порханы (13-18, 7 КО) екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.