Бақыт Сәрсекбаевтың шәкірттері Таиландқа қазы-қартасыз аттанды

Сарапшы, спорт журналисі
06.03.2026, 01:22

Бокстан Қазақстанның 19 жасқа дейінгі (U-19) жастар құрамасы Бангкокке World Boxing Futures Cup-2026 турниріне жол тартты.  

instagram/@b.sarsekbayev

Таиландтағы турнир: Қазақстаннан 19 боксшы барады

World Boxing ұйымының қолдауымен өтетін жастар бәсекесі 8–15 наурыз аралығында Таиландта ұйымдастырылады. Қазақстан намысын бұл додада 19 боксшы қорғайды: 10 ұл және 9 қыз.

Жастар командасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев Instagram парақшасында боксшылармен бірге түскен суретін жариялап, оқырманына жылы жаңалығын жариялады. Оның айтуынша, бұл жолы бұрыннан қалыптасқан бір әдетінен бас тартқан:

"Ендеше, кеттік! Бұл жолы базарға барып қазы алғаным жоқ — демеушілерге рахмет! Жастарға сәттілік тілейік, достар", — деп жазды Сәрсекбаев.

Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жанкүйерлер жастарға сәттілік тіледі.

Бапкерлік тағайындау және бұрынғы “40 келі қазы” оқиғасы

Еске сала кетейік, Бақыт Сәрсекбаев 10 қаңтарда Қазақстанның U-19 құрамасына аға бапкер болып тағайындалған. Бұған дейін U-22 құрамасын басқарды.

2025 жылдың жазында U-22 командасы World Boxing аясында Шри-Ланкада тарихтағы алғашқы Азия чемпионатына қатысқан еді. Сол сапарда Бейжің Олимпиадасының чемпионы Сәрсекбаев боксшыларына арнайы 40 келі қазы алып барғаны көптің есінде.

Реклама
Реклама