Реклама
Реклама

"Канелоның" командасындағы қазаққа маңызды жекпе-жек ұсынылды

Сарапшы, спорт журналисі
06.03.2026, 20:44

Бек Нұрмағанбет мансабындағы ең үлкен мүмкіндікке бір табан жақындай түсті. Оған екінші орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуіне үміткерлік жекпе-жек ұсынылды.

instagram/@nurmaganbet.bek.kazbekuli

Маңызды жекпе-жек ұсынылды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет (15-0, 13 КО) жанкүйерлерін қуантқан жаңалық алды. Ол атақты мексикалық жұлдыз Сауль "Канело" Альварес командасының мүшесі ретінде үлкен айқасқа жақын тұр.

Бокс әлеміндегі бұл ақпарат "Канелоның" жаттықтырушысы Эдди Рейносомен хат алмасу скрині жарияланғаннан кейін белгілі болды. Айта кетейік, Рейносо қазақстандық боксшының да бабын келтіріп жүр.

Әлем чемпионы атағына апарар жол

Мессенджердегі жазбаға қарағанда Бек Нұрмағанбетке WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы белбеуіне үміткерлік жекпе-жек өткізу мүмкіндігі ұсынылған.

Оның ықтимал қарсыласы ретінде аргентиналық Лукас Брайан Ариэль Бастида (24-4-1, 14 КО) көрсетілген. Ол бокс жанкүйерлеріне "Эль Торнадо" деген лақап атымен таныс. Қазір аргентиналық былғары қолғап шебері BoxRec рейтингтерінде жоғары орындардың бірінде тұр.

Алдын ала мәлімет бойынша, жекпе-жек 2026 жылғы 23 сәуірде Сантьяго қаласында өтуі мүмкін.

Бұл жай рейтингтік айқас емес

Бұл кездесуді қарапайым рейтингтік жекпе-жек деп атау қиын. Керісінше, бұл Бек Нұрмағанбет үшін әлем чемпионы белбеуіне апарар тікелей жол болуы ықтимал.

Қазақстандық боксшы осы жаңалыққа қатысты әлеуметтік желіде қысқа, бірақ мәні терең жазба қалдырды.

"Біздің ауылда да той болатын түрі бар", — деп жазды Нұрмағанбет.

Қазір Бек Нұрмағанбет WBA рейтингінде екінші орта салмақта тоғызыншы орында тұр.

Соңғы рет 2025 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста америкалық Стивен Самптерді (11-2-1, 9 КО) техникалық нокаутпен жеңді.

Реклама
Реклама