Реклама
Реклама

Қазақстандық балуан жапониялық промоушенде чемпион атанды

Сарапшы, спорт журналисі
06.03.2026, 22:53

Қазақстандық рестлер, еркін күрестен бұрынғы спортшы Олег Болтин Жапониядағы беделді NJPW промоушенінде чемпиондық белбеуді иемденді. 

instagram/@boltin.oleg

Трентон қаласында өткен The New Beginning 2026 in USA шоуында қазақстандық спортшы жапониялық Томохиро Ишииге қарсы айқасқа шықты. Кездесуде STRONG Openweight чемпионы атағы сарапқа салынды. Белбеу осыған дейін Ишиидің еншісінде болған.

Тартысты өткен белдесу 14 минутқа созылды. Нәтижесінде Олег Болтин қарсыласын жеңіп, жаңа чемпион атанды.

Олег Болтиннің NJPW-дегі жетістігі

Бұл — қазақстандық спортшының NJPW ұйымындағы төртінші чемпиондық атағы. Бұған дейін ол Тору Яно және Хироши Танахашимен бірге NEVER Openweight 6-Man Tag Team чемпиондығын жеңіп алған болатын. Сонымен қатар Болтин бұрын NEVER Openweight белбеуінің иегері атанып, оны 121 күн бойы қорғап жүрді.

Олег Болтин кім?

Олег Болтин 1993 жылғы 10 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында дүниеге келген.

Ол еркін күресте де жоғары нәтижелерге жетті.

  • 2020 жылы 125 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанса,
  • 2021 жылы осы салмақта Азия чемпионатын жеңіп шықты.

Болтин 2022 жылдың қазан айында балуандық мансабын аяқтап, Жапониядағы NJPW рестлинг промоушенінде өнер көрсете бастады. Ол бұл елде 2010 жылдардың басынан бері жаттығып, өмір сүрген. Сондай-ақ жапон тілін еркін меңгерген.

Реклама
Реклама