Вроцлавтағы бокс кешінде орта салмақтағы титул үшін айқас мерзімінен бұрын аяқталып, Кароль Вельтер қарсыласын үшінші раундта нокаутқа жіберді.
Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Кароль Вельтер рингтегі басымдықты өз қолына алды. Ол қарсыласына үздіксіз қысым жасап, шабуылды жиілетті. Эвандер Кастильо қорғаныста көп уақыт өткізіп, қарсы шабуылда өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады.
Екінші раундта польшалық боксшы қарсыласын бұрышқа тіреп қойып, бірнеше сәтті комбинация жасады. Әсіресе оның апперкоттары мен қысқа қашықтықтағы соққылары жанкүйерлер назарын аударды.
Жекпе-жектің шешуші сәті үшінші раундта туды. Кароль Вельтер сол қолымен қарсыласының бауыр тұсынан ауыр соққы жұмсап, Эвандер Кастильоны еденге құлатты. Венесуэлалық боксшы орнынан тұра алмай, кездесу мерзімінен бұрын аяқталды.
Осылайша Вельтер орта салмақтағы International дәрежесіндегі Польша чемпионы атағын қорғап қалды.
Айта кетейік, дәл осы орта салмақта қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы да жұдырықтасып жүр. Ол қазір WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы саналады.