Реклама
Реклама

Жәнібек Әлімханұлы: "Бір титул сақталды, қалғанын көре жатармыз!"

Сарапшы, спорт журналисі
11.03.2026, 15:30

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде жаңа мәлімдеме жасап, IBF нұсқасындағы әлем чемпионы атағынан айырылғаннан кейінгі жоспарын жария етті.

fightnews.info

Жәнібек не деді?

Әлімханұлы өз жазбасында қиын кезеңнің өзін шыңдағанын айтып, командасы маңызды шешімдер қабылдағанын жеткізді. Оның сөзінше, IBF титулы жоғалғанымен WBO белбеуі өзінде қалған. Сондай-ақ қазақстандық боксшы сегіз айдан кейін рингке қайта шығуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазған.

Жәнібек Әлімханұлы өз мәлімдемесінде допингке қарсы екенін тағы бір мәрте атап өтті. Боксшы өткен жағдайға бола дауласа берудің мәні жоғын, ең бастысы жанкүйерлер оның кім екенін және қандай спортшы екенін білетінін жеткізді. Сонымен бірге ол қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтты.

IBF неге титулынан айырды?

Бұған дейін IBF Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырғанын жариялады. Бұған оның допингке байланысты шеттетілуі себеп болғаны айтылды. Сол себепті қазақстандық былғары қолғап шебері ұйым белгілеген мерзімде, нақтырақ айтқанда 2026 жылғы 4 шілдеге дейін міндетті титул қорғауын өткізе алмайды деген ұйғарым жасалған.

Жәнібектің өзі командасы бұл шешіммен толық келіспейтінін аңғартып, іс бойынша апелляция беруге ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен қатар BoxingScene мәліметінше, қазақстандық боксшыға байланысты тәртіптік шаралар мен шеттету мерзімі де осы жағдайға тікелей әсер еткен.

Қазір Жәнібекте қандай титул қалды?

Қазір Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады. Қолданыстағы мәліметтерге қарағанда, шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін одан осы ұйымдағы белбеуді міндетті қорғау талап етілуі мүмкін.

Реклама
Реклама