Реклама
Реклама

Қазақстандық кішкентай балуанның жеңілістен кейінгі әрекеті әлеуметтік желіні шулатты

Сарапшы, спорт журналисі
11.03.2026, 20:14

Әлеуметтік желілерде балалар арасындағы күрес турнирінен түсірілген видео қызу талқыға түсті. Кадрларда жеңілгені жарияланған жас спортшының белдесуді жалғастыруға тырысқаны көрінеді.

tengrisport.kz

Турнирден кейінгі видео желі қолданушыларын екіге бөлді

Оқиғаға байланысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: бірі баланың мінезін жоғары бағаласа, енді бірі мұндай әрекетті дұрыс емес деп санады.

Instagram желісінде тараған видеода балалар турниріндегі сәттердің бірі көрсетілген. Төреші қызыл трикомен шыққан балуанның қолын жеңімпаз ретінде көтергеннен кейін, жеңілген спортшы әуелі қарсыласына ұмтылады. Артынша төрешіге де шабуыл жасауға әрекеттенгені байқалады.

Видео соңында жас балуанды сабырға шақыру үшін оны кілемнен құшақтап алып шығып кеткен.

Әлеуметтік желі не деді?

Көптеген қолданушы жас спортшының әрекетін мінезге балады.

Олардың бір бөлігі:

  • “Мінез!”,
  • “Болашақ чемпион осы!”,
  • “Нағыз жеңімпаздың рухы бар” деген сарында пікір қалдырған.

Алайда бұған қарсы көзқарас танытқандар да аз болмады. Олар спорттағы мінез жеңілістен кейін ашуға берілумен емес, тәртіп пен сабыр арқылы көрінуі керек екенін алға тартты.

Сын айтқан пікірлерде:

  • “Мінез кілемде және жаттығуда көрінуі керек”,
  • “Жеңілістен кейінгі эмоцияны ұстай алмау — мінез емес” деген ойлар жазылған.

Әзірге видеодағы жас балуанның нақты кім екені ресми түрде белгісіз. Дегенмен оның киімінде KZ әріптері көрінеді. Сондай-ақ жарыс өткен залда Қазақстанның туы ілулі тұрғаны байқалады. Осыған байланысты желі қолданушылары балуанның қазақстандық спортшы болуы мүмкін екенін айтып жатыр.

Реклама
Реклама