Ресейлік балуан қарсыласының мойнына секіріп, ерекше әрі күрделі лақтыру әдісін орындап, тартысты кездесуді өз пайдасына шешіп кетті.
Еркін күрестен U23 санатындағы Еуропа чемпионатында таңқаларлық жағдай тіркелді. Ресейлік балуан Бозигит Исламгереев ерекше әдіс жасап, соңғы секундтарда жеңісті жұлып әкетті.
Исламгереев ширек финалда франциялық Магамадовпен белдесті. Кездесудің аяқталуына 7 секунд қалғанда ресейлік балуан 3 ұпай айырмасымен жеңіліп жатқан.
Жеңіске жету мүмкіндігі өте аз болғанына қарамастан, Исламгереев соңғы сәтте күтпеген әдіске барды. Ол қарсыласының мойнына секіріп, ерекше әрі күрделі лақтыру әдісін орындап, тартысты кездесуді өз пайдасына шешіп кетті. Таңқаларлығы сол, франциялық балуан қарсыластың не жасағанын түсінбей де қалды.
Осылайша, көрші елдің балуаны Исламгереев аталған бәсекенің жартылай финалына жолдама алды. Бұл кезеңде әзербайжандық Васиф Худиевті түзе бүктірді.
Ал ақтық сында ресейлік спортшы Түркия өкілі Ахмет Яган белдесіп, алтын медальді қанжығасына байлады.
Исламгереевтің соңғы секундтарда жасаған әдісі қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Бейнежазба желдей есіп жүр. Бірі тамсанса, енді бірі
ризашылығын білдіруде. Бұл сәт жылдың үздік күрес әдістерінің бірі болуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр.
Еске салайық, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Еуропа чемпионаты 9–15 наурыз аралығында Зренянин қаласында өтеді.