Таиланд астанасы Бангкокта World Boxing Futures Cup U-19 халықаралық турнирінде қазақ боксшылары сәтті өнер көрсетіп жатыр. Ел құрамасының екі өкілі келесі кезеңіне жолдама алды.
Қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Ақнұр Тұрсынғали италиялық Кезия Реалемен жұдырықтасты.
Жекпе-жектің алғашқы раундында италиялық спортшы басым түсті. Алайда екінші раундта Ақнұр қарқынын үдетіп, төрешілердің басым даусымен алға шықты — 4:1. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Ақнұр Тұрсынғалиге берді.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Жасмин Абрамян жапониялық Аяно Мотимен қолғап түйістірді.
Үш раундқа созылған бәсеке қорытындысында қазақстандық сенімді өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, World Boxing ұйымдастырып отырған Futures Cup U-19 халықаралық турнирі 15 наурызға дейін жалғасады. Бангкоктегі байрақты бәсекеде Қазақстан жас боксшылары жүлде жолында сынға түсіп жатыр.