Реклама
Реклама

Futures Cup турнирінде Қазақстан - Қырғызстан жекпе-жегі айқын жеңіспен аяқталды (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
14.03.2026, 16:35

Таиланд астанасы Бангкоктегі Futures Cup (U19) халықаралық бокс турнирінде Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі финалға шықты.

sportilinet.kz

Тимур Тайбеков Futures Cup финалына өтті

Тимур Тайбеков 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында қырғызстандық Усман Караповпен қолғап түйістірді. Екі елдің жас боксшысы финал жолдамасын сарапқа салды.

Айқастың алғашқы секундтарынан бастап қос боксшы белсенді қимылдап, бір-біріне өткір шабуылдар ұйымдастырды. Соңына дейін соққы алмасудан тайынған жоқ.

Осы тұста Тимур Тайбеков сәл басымдау көрінді. Қазақстандық былғары қолғап шебері джебті ұтымды пайдаланып, шабуылдарын жүйелі түрде өрбітті. Оның дәл әрі уақытылы бағытталған соққылары қарсыласына айтарлықтай қиындық туғызды.

Сонымен қатар қырғыз боксшысы да қарап қалмай, әртүрлі деңгейде жұмыс істеуге тырысты. Ол рингтің ортасын иеленіп, қысым көрсету арқылы басымдық алуға ұмтылды.

Қорғаныс пен шабуылда мықты болды

Тимур Тайбеков қорғаныста да сауатты қимылдады. Әсіресе оның сәтті жалтарулары қарсыластың шабуылын бұзып, қарымта соққы жасауына мүмкіндік берді.

Қазақ боксшысы қарсыласының сол қолмен жасайтын шабуылдарын дер кезінде оқып, тиімді тойтарыс беріп отырды. 

Ақыры төрешілер жеңісті Тимур Тайбековке берді. Қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен, яғни төрешілердің бірауызды шешімімен ұтты.

Реклама
Реклама