Таиландтағы Futures Cup турнирінде Хамза Мақсатұлы 75 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда жеңіске жетіп, шешуші айқасқа жолдама алды.
Хамза Мақсатұлы түркіменстандық Исмаил Оразмыдаровқа қарсы шықты.
Кездесу бастала салысымен түркімен боксшысы өте белсенді қимылдады. Жекпе-жектің алғашқы минуттарында Исмаил қарсыласын джебпен қыспаққа алып, жақын қашықтыққа еркін кіруге мүмкіндік берген жоқ. Ал Хамза біраз уақыт өз ырғағын таба алмай қиналды.
Бірнеше ауыр соққы алмасуынан кейін қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласының жойқын соққысына тап болып, нокдаунға түсті. Осы сәт бірінші раундтың ең шешуші эпизодына айналды.
Алғашқы раундтан кейін Хамза Мақсатұлының бапкерлері қажетті қорытынды шығарғаны байқалды. Екінші үшминуттықта қазақстандық боксшы әлдеқайда жинақы қимылдап, сақ әрі есеппен жұдырықтаса бастады.
Оразмыдаров қысымын бәсеңдеткен жоқ. Соған қарамастан Хамза қарсы шабуыл жасауға мүмкіндік тауып, жекпе-жекке қайта оралды. Ол тек қорғаныспен шектелмей, соққыларын дәл жеткізуге тырысты.
Соңғы раундта қос боксшы жиі-жиі ашық айқасқа барып, алма-кезек соққы алмастырды. Кездесудің осы бөлігінде кімнің басымдығы бар екенін нақты айту қиын болды.
Түркіменстандық спортшы көбіне қарсыласының басына соққы бағыттаса, Хамза Мақсатұлы дене мен басқа кезектестіріп жұмыс істеп, ұпай жинауға басымдық берді. Бұл тактикалық тұрғыда маңызды рөл атқарды.
Нәтижесінде төрешілердің бөлек шешімімен жеңіс Хамза Мақсатұлына берілді.