"Мені ұмытпаңдар": Ризабек Айтмұқан АҚШ-тағы сапарынан кейін жанкүйерлеріне үн қатты

Сарапшы, спорт журналисі
21.04.2026, 23:37

Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқан АҚШ-тан жаңа суреттер жариялап, көпшілікке мағыналы жазба арнады.

instagram/@rr1zabek

Нью-Йорктен сурет жариялады

Белгілі қазақстандық балуан өзінің Instagram парақшасында Нью-Йорктегі тарихи орындардың бірінде түскен фотоларын жариялады. Кадрлар Dumbo ауданындағы әйгілі Washington Street көшесінде, Манхэттен көпірінің аясында түсірілген.

Спортшы суретке:

"Тек менің атымды есте сақтаңдар, мен міндетті түрде ораламын", — деген жазба қалдырды.

Бұл сөздер жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып, балуанның алдағы жарыстарға тың серпінмен оралуға дайын екенін аңғартты.

Снайдерге қарсы айқас

Ризабек Айтмұқан Филадельфияда өткен RAF 08 турнирінде бақ сынады. Оның америкалық Олимпиада чемпионы Кайл Снайдерге қарсы белдесуі жарыстың басты оқиғаларының бірі болды.

Белдесуде қазақстандық боз кілем шебері бастапқыда 6:0 есебімен алға шыққанымен кейін қарсыласына есе жіберіп, кездесуді 6:12 есебімен аяқтады.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан мен Кайл Снайдер бұған дейін де бозкілемде кездескен. Бір жыл бұрын Алматыдағы PWL 8 турнирінде де америкалық балуан басым түскен. Сол кездесу ақпан айының соңында өтіп, қазақстандық спортшы үшін жеңіліспен аяқталған.

Реклама
Реклама