Қазақстандық боксшы әлем чемпионын тізе бүктірді (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
22.04.2026, 21:29

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында әуесқой бокстан әлем кубогының алғашқы кезеңі жалғасып жатыр. Бәсекенің үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының мүшесі Фарух Тоқтасынов шаршы алаңға көтерілді.

Instagram/@_tokhtasunov_

Келесі айналымға өтті

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақ боксшысы 1/8 финалда жапониялық Севон Окадзавамен қолғап түйістірді.

Кездесудің алғашқы бөлігінде Окадзава басымырақ көрінді. Алайда екінші раундта Фарух Тоқтасынов қарқынын күшейтіп, айқас тізгінін өз қолына ала бастады.

Шешуші раундта қарсыласынан әлдеқайда белсенді жұдырықтасып, сәтті шабуылдарының арқасында төрешілердің сеніміне ие болды. Нәтижесінде жекпе-жек 3:2 есебімен Тоқтасыновтың пайдасына шешілді.

Окадзава — Шымбергеновті жеңген тәжірибелі қарсылас

Севон Окадзава — халықаралық аренада өзін дәлелдеген тәжірибелі боксшы. Ол:

  • 2021 жылғы әлем чемпионы
  • 2025 жылғы әлем чемпионатының финалисі
  • 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы
  • 2022 жылғы Азия ойындарының чемпионы
  • 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Айта кету керек, Окадзава бұған дейін де қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс есім. Ол 2023 жылғы Азия ойындарының жартылай финалында Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергеновті төрешілер шешімімен даулы жекпе-жекте жеңген. 

Реклама
Реклама