Қазақстан 5:0 есебімен әлем кубогының медалін жеңіп алды (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Виктория Графеева Бразилиядағы World Boxing әлем кубогының алғашқы кезеңінде жартылай финалға шықты.
Канадалық қарсыласын айқын жеңді
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Виктория Графеева ширек финалда канадалық Мари аль Ахмадимен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің алғашқы раундынан бастап басымдықты өз қолына алды. Бірінші раундта төрешілердің басым бөлігі жеңісті Графееваға берді.
Екінші раундта да Виктория қарсыласынан дәлдігімен және белсенділігімен ерекшеленді. Бұл кезеңде де есеп 4:1 болып тіркелді. Үшінші раундта қарқынын түсірмей, жекпе-жекті сенімді аяқтады. Нәтижесінде Виктория Графеева төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Қоржынға кемінде қола медаль түсті
Бұл жеңіс Виктория Графееваға жартылай финал жолдамасын сыйлады. Әлем кубогының ережесіне сәйкес жартылай финалға шыққан бокстшы кемінде қола медальға ие болады. Ал канадалық Мари аль Ахмади турнирдегі өнерін ширек финалда аяқтады.
Виктория Графееваның басты жетістіктері:
- 2024 жыл — Азия чемпионы
- 2025 жыл — IBA әлем чемпионатының күміс жүлдегері
- 2025 жыл — World Boxing әлем чемпионатының қола жүлдегері
Осы жолы Бразилиядағы Әлем кубогында да Графеева жүлдегерлер қатарына қосылып, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.