Қазақстандық бапкер Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан арасындағы бәсекеге баға берді
Белгілі қазақстандық маман Дәулет Нұрланұлы ұлттық құрамадағы Сәкен Бибосыновтың болашағына қатысты пікір білдірді.
Бибосынов кәсіпқой боксқа өтсе де, Олимпиададан үмітті
Сәкен Бибосынов қазірдің өзінде кәсіпқой рингтегі жолын бастап кетті. Ол 23 мамырда WBA Asia титулы үшін жекпе-жек өткізеді. Дегенмен екі дүркін әлем чемпионы әуесқой бокстан толық кетуді жоспарлап отырған жоқ.
Дәулет Нұрланұлының сөзінше, Бибосыновтың басты мақсаты — ұлттық құрамадағы мүмкіндігін сақтап, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына қатысу.
Махмұд Сабырхан салмақ ауысуы мүмкін бе?
Қазір Қазақстан құрамасында 55 келіге дейінгі салмақта басты фаворит ретінде әлем және Азия чемпионы Махмұд Сабырхан аталып жүр. Дегенмен бапкер бұл салмақтағы жағдай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
“2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына үміт бар. Себебі Махмұд Сабырхан салмақ көтеруі мүмкін деген әңгімелер айтылып жүр”, — деді Дәулет Нұрланұлы.
Маманның пікірінше, Сабырхан үшін салмақ қуу мәселесі де әсер етуі ықтимал.
“Мүмкін, салмақ тастауда қиындықтар бар шығар. Азия чемпионатындағы жеңіліс те ықпал етуі мүмкін”, — деп атап өтті бапкер.
Егер Махмұд Сабырхан шынымен де жоғары салмақ дәрежесіне ауысса, онда 55 келідегі ұлттық құрамадағы орын үшін тартыс бұрынғыдан да ашық болмақ.
Санжар Тәшкенбай да бәсекелестер қатарында
Бұл салмақта Сәкен Бибосыновтың тағы бір қарсыласы ретінде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай қарастырылып отыр. Бірақ Дәулет Нұрланұлы Санжардың бұл салмақта өзін толыққанды жайлы сезінуіне күмәнмен қарайды.
Бапкердің ойынша, 55 келі Тәшкенбай үшін физикалық тұрғыдан ауырлау болуы мүмкін.
“Сәкен 55 келіге өте жақсы келеді. Оның бойы, физикалық дайындығы мен бокс жүргізу мәнері бұл салмақта шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сондықтан оның 2028 жылғы Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі бар”, — деді Дәулет Нұрланұлы.
Азия чемпионатындағы нәтиже бәсекені күшейтті
Айта кетейік, Сәкен Бибосыновтың Олимпиада жолындағы негізгі қарсыластарының бірі саналатын Махмұд Сабырхан жақында Моңғолиядағы Азия чемпионатында алтын медальсіз қалды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында күтпеген жерден ринг иесі Билгүүнсайхан Хархуға есе жіберіп, құрлықтық додада қола жүлдегер атанды.