Ангелина Лукас қарсыласын 4-раундта тоқтатты (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 18:55

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Ангелина Лукас Әзербайжанда өткен турнирде кезекті титулдық айқасын сәтті аяқтады.

instagram/@angelina_lukas1997

Қарсылас жекпе-жекке жете алмады

Бастапқыда Ангелина Лукас WBF World Super Bantam нұсқасы бойынша вакантты чемпиондық белбеу үшін замбиялық Алиса Мбемвеге қарсы жұдырықтасуы керек болған. Бірақ Африкадан келетін боксшы виза мәселесіне байланысты турнирге қатыса алмады.

Осыдан кейін ұйымдастырушылар қазақстандыққа Таиланд өкілі Пиялукс Санпокангты қарсылас ретінде бекітті.

“Өзгеріс Африкадан келетін қарсыласымның виза ала алмауына байланысты болды. Оның орнына басқа боксшы келді”, — деді Ангелина Лукас.

Лукас қарсыласын нокаутпен жеңді

Жекпе-жек Ангелина Лукастың сенімді жеңісімен аяқталды. Қазақстандық боксшы тәжірибелі қарсыласын төртінші раундта нокаутқа түсіріп, кезекті чемпиондық атағын жеңіп алды.

Осы жеңістен кейін Лукас әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне алғыс білдірді.

“Таиландтан келген өте тәжірибелі қарсыласты жеңдім. Ол — WBC Asia және WBO International чемпионы. Бұл жеңісімді бүкіл Қазақстанға, жанкүйерлеріме және осы жолда маған қолдау білдіріп жүрген әр адамға арнаймын. Сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рақмет!” — деп жазды боксшы.

Қарсыласының тәжірибесі қандай еді?

Пиялукс Санпоканг Ангелина Лукасқа қарсы жекпе-жекке дейін кәсіпқой рингте 11 жеңіс пен 6 жеңіліс тіркеген. Оның еншісінде WBO Asia Pacific Minimum белбеуі болған.

Ангелина Лукас бұған дейін IBO World және WBF World нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған. Санпокангқа қарсы жеңіс қазақстандық боксшының кәсіпқой мансабындағы 17-жеңісі болды.

Реклама
Реклама